Etozhez редакциясына Валерия Совцова хабарласты. Валерияның әкесі 1 шілдеде қайтыс болды, бірақ жерлеу рәсімінде оның денесін туыстарына көрсету мүмкін болмады: Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасының мәйітханасында өткізілген бальзамдаудан кейін марқұмның денесі қан-қан болғаны, тіккен жерлер мен киімі қанға боялғаны бірден көзге түсті.
1969 жылы туған Александр Шумаков 55 жасқа қараған шақта жүректен қайтқан. Ер адам өмірінің соңғы үш күнін комада жан сақтау бөлімінде өткізген. Марқұмның қызының айтуынша, мәйітханада бальзамдауға тапсырыс беруге туыстарын мәжбүр еткен.
"Олар маған қоңырау шалып, әкемнің денесі мәйітханаға жіберілетінін, ал таңертең аутопсия өткізілетінін және бұл міндетті болып табылатынын айтты! Мәйітханаға барған кезде бізге күн ыстық деп мәйітті бальзамдау қызметіне тапсырыс беруге мәжбүр етті. Біз оған келістік, себебі әкемізді соңғы сапарына лайықты түрде аттандырғымыз келді. Аталған мекеменің қызметі үшін 43 мың теңге бердік. Әкемнің денесін алуға келгенде, денесін көргенде олар оған не қылған деп шошып кеттік! Жақын адамымыздан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырғанымыз аз болғандай. Әкемнің денесі құдды оны біреу азаптағандай, қан-қан болды. Мен әкемме неге мұндай қорлық қылғандарын түсінбей отырмын. Талай жерлеу рәсімін көрсем де, дәл мұндайды бірінші рет көріп отырмын...", - дейді Совцова.
Жерлеу рәсімінен кейін, 3 шілде күні ол мәйітханаға барған. Мәйітхана басшылығы мен қызметкерлері өз кінәсін жоққа шығарып, кешірім сұрамады және бұл олардың практикасында осындай бірінші жағдай болғанын атап өтті. Енді Валерия прокуратураға жүгінуге ниетті.
"Иә, енді түзеуге келмес, бірақ бұл көргенімді қалай ұмыта аламын? Мен 3-ші күні жерлеуден кейін бірден бардым, олар маған осындай жағдай бірінші рет орын алғанын және олардың кінәсі жоқ екенін айтты. Айтуға бар тапқан сөздері осы болды ... ал, кім кінәлі, бәрін адамша жасауға болар еді ғой? Мен прокуратураға арыз жазамын", - деп атап өтті Валерия Совцова.
Айта кетері, редакция корреспонденті Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жағдайға түсініктеме беруді сұрады. Бірақ басқармада процедураны оларға бағынбайтын және олармен байланыс ұстамайтын сот-медициналық сараптама жүргізгенін, сондықтан сұрау салуды оларға бағыттай алмайтындарын алға тартты. Жаңа ақпарат алғаннан кейін тақырыпты жалғастыратын боламыз.
Мақала тегтері