Кіру

|

Тіркелу

Ұлытау облысында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

Жарияланған күні: 15.07.2026, 10:19

Автор: Рахимжанова Жамиля

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты.



Осы кеңес барысында облыстың білім беру саласын дамыту мақсатында өңір мектептерінде "QH "Білім-Инновация" лицейлерінің тәжірибесін енгізу бойынша қайырымдылық жобаның және Жәйрем кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселелері қаралды.


Өңір басшысы өз сөзінде Ұлытау облысындағы әлеуметтік маңызды бастамаларды іске асыруға тұрақты қолдау көрсетіп жүрген "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына алғысын білдірді.


"Бұл жоба өңірімізде сапалы білім берудің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ педагогтардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және оқушылардың білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Біз өз тарапымыздан мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осындай кешенді жұмыстың нәтижесінде қалалық және ауылдық мектептерді дамыту мүмкіндіктері артады, өңірдегі білім сапасы жаңа деңгейге шығады деп үміттенеміз. Сондықтан біз бұл тәжірибенің облыс мектептерінде енгізілуін толық қолдаймыз", - деп атап өтті Дастан Рыспеков.


"Қазақстан халқына" Қоғамдық қорының қолдауымен Ұлытау облысының Жәйрем кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Мұндай келісімге кеңес қорытындысы бойынша қол жеткізілді. Жобаның жалпы құны шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды. Аталған соманың 1,7 миллиард теңгесін "Қазақстан халқына" Қоғамдық қоры бермек, қалған соманы - жергілікті бюджет бөледі.


Болашақ заманауи спорт кешенінің ауданы 3250 шаршы метрді құрайды. Бұл 6-18 жас аралығындағы 600 бала мен жасөспірімге тұрақты түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 45 жаңа жұмыс орны құрылады.


Бұған дейін "Қазақстан халқына" Қоғамдық қорының қолдауымен Сәтбаев қаласында және Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында заманауи спорт нысандары салынды. Бұдан басқа, Қор облыста білім беруді, денсаулық сақтауды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды іске асырып жатыр.


Бұған дейін облыс үшін маңызды болып табылатын басқа да дамытушы нысанның салтанатты ашылуы өтті - Жезқазғанда "Шабыт" балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы есігін айқара ашты. Бұл қалада соңғы 70 жылда салынған осындай көлемдегі және бағыттағы алғашқы нысан.


2 600 шаршы метрден астам аумақта жан-жақты даму үшін барлық жағдайлар жасалған. Кешен күніне 600 баланы қабылдай алады.

Мақала тегтері

Пікірлер (0)

Чтобы оставить комментарий, необходимо зарегистрироваться или войти

Бірінші Жезқазғандық!

© 2024 EtoZhez. Барлық құқықтар қорғалған.