Ұлытау облысының тұрғындары "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында құрылған TazaQazBot арнайы Telegram-боты арқылы абаттандыру, санитарлық тазалау және экология мәселелері туралы хабарлай алады. Жаңа цифрлық сервис қоқыс үйінділері, лық толған қоқыс жәшіктері, ластанған аумақтар және коммуналдық қызметтердің назарын қажет ететін басқа да мәселелер туралы ақпаратты жедел жіберуге мүмкіндік береді.
Жобаның басты мақсаты - тұрғындардың жауапты ұйымдармен өзара іс-қимылын неғұрлым ыңғайлы және жедел ету. Енді орын алған мәселе туралы хабарлау үшін түрлі ведомстволардың контактілерін іздеудің немесе ресми өтініштер жазудың қажеті жоқ. Telegram-ды ашып, өтінімді арнайы бот арқылы жіберу жеткілікті.
Сервиске қосылу үшін пайдаланушыға TazaQazBot Telegram ботын тауып немесе тиісті сілтемеге басу керек. Бот іске қосылғаннан кейін "Бастау" батырмасын басып, "Өтінім жасау" функциясын таңдау керек. Сондай-ақ, өтініш нысанын tazaqazaqstan.kz сайтында ашуға болады.
Осыдан кейін пайдаланушы ұсынылған тізімнен өз өңірін таңдауы керек. Келесі қадам - орын алған мәселенің дәл мекенжайын көрсету. Ол үшін бот картаны ашады, онда жұмыстапды жүргізу қажет болатын орынды белгілеу керек.
Одан кейін жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау қажет. Өтініште мәселенің мәні нақты неде екенін және өтініш берушінің пікірінше қандай шаралар қабылдау керектігін көрсету ұсынылады. Мысалы, бұл қоқысты шығаруға, заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға, аумақты тазалауға, қоғамдық орындарды тазалауға немесе абаттандыруға қатысты басқа мәселелер болуы мүмкін.
Өтінімге сондай-ақ фотосуретті қоса беруге болады. Суретті тікелей сервис арқылы түсіруге немесе мобильді құрылғыдан жүктеуге болады. Фотосуреттің болуы жауапты қызметтерге жағдайды тезірек бағалауға және қажетті жұмыс көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Сипаттаманы толтырғаннан кейін пайдаланушы мекенжайын көрсетіп, кері байланыс үшін телефон нөмірін қалдыруы керек. Бұл мамандарға өтініштің егжей-тегжейін нақтылау немесе оны қарау барысы туралы хабарлау қажет болған жағдайда керек болады.
Облыс әкімдігі елді мекендерді абаттандыру, олардың тазалығы көбінесе коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымына да байланысты екенін еске салады. Анықталған кемшіліктер туралы уақтылы хабарлау бұзушылықтарды тезірек жоюға, қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге және қоғамдық кеңістіктерді ыңғайлы етуге көмектеседі.
Мақала тегтері






