Ұлытау облысының басшысы Дастан Рыспеков елімізге халықаралық деңгейдегі "Техникалық университет" салу үшін келген Канаданың жоғары оқу орнының өкілдерімен кездесті.
Жиынға "Ұлытау техникалық университеті" жобасының жетекшісі Мақсұтбек Айтмағанбет, "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС өкілдері және "The Ulytau Educational Foundation" қоғамдық қорының басшылары қатысты. Өңір басшысы өз кезегінде білім ордасы жобасын жүзеге асыру – Ұлытау облысының барлық салада дамуына жол ашатынын, бірқатар мемлекетпен ынтымақтастығын арттыратынын жеткізді.
"Жаңа университет тау-кен-металлургия, IT, инженерлік технологиялар, экология және т. б. салаларға халықаралық диплом және екі дипломдық бағдарламамен кадр даярлауды жүзеге асырады деп жоспарлануда.
Университет факультеттері 4 бағыт бойынша жұмыс істемек. Олар: қоршаған ортаны және минералды ресурстарды басқару, цифрлық технологиялар, бизнес, білім беру. Сондықтан да бұл білім ордасының біздің өңір үшін маңызы жоғары", - деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы Мемлекет басшысының бастамасымен тау-кен металлургия саласында кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен "Ұлытау техникалық университеті" құрылды. Бүгінгі таңда Ұлытау облысы әкімдігі тарапынан Жезқазған қаласында Техникалық университет салу үшін жалпы ауданы 20 га құрайтын жер телімі бөлінді және шекарасы белгіленіп, кадастрлық паспорт алынды.
Мақала тегтері