Ұлытау облысының кішкентай тұрғындары Балаларды қорғау күніне үлкен сыйлық алды: Жезқазғанда "Шабыт" балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы есігін айқара ашты. Бұл қалада соңғы 70 жылда салынған осындай көлемдегі және бағыттағы алғашқы нысан.
Құны 4 миллиард теңге болатын жоба Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Тарихи ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман және "Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов қатысты.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жоба бастамашылары мен құрылысшыларға алғысын білдірді. Ол жаңа орталық заманауи ғимарат қана емес, балалар лайықты жағдайда оқып-тоқып, таланттарын дамыта алатын, технологиялармен және спортпен айналыса алатын бірегей кеңістік екенін атап өтті. Дәл осындай жобалар жастардың өз болашағына деген сенімін қалыптастырады.
2 600 шаршы метрден астам аумақта жан-жақты даму үшін барлық жағдайлар жасалған. Кешен күніне 600 баланы қабылдай алады. Жас дарындар иелігінде роботтехникасы бар озық STEM аймағы, арт- және фотостудиялар, пеші бар қыш шеберханасы, хореография және жекпе-жек залдары, сондай-ақ ерте дамыту орталығы, шахмат сыныбы және жайлы коворкинг сияқты 14 заманауи кабинет болады.
Жобалау кезінде инклюзияға көп көңіл бөлінді. Ғимарат ерекше білім беруді қажет ететін балалардың еркін келуіне толығымен бейімделген және олардың ыңғайлы бейімделуі үшін арнайы сенсорлық бөлме жабдықталған. 1,6 гектарды құрайтын іргелес аумақта заманауи спорт және ойын алаңдары, сондай-ақ балалар таза ауада тиімді уақыт өткізе алатын абаттандырылған аймақтар орналасқан.
Мақала тегтері






