Сәтбаевта инвестор қаражаты есебінен күн электр станциясының құрылысы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Жоба өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін береді.
Жаңа күн электр станциясын салу үшін қала аумағынан 28 гектар жер учаскесі бөлінген. Болашақ станцияның қуаты 4,9 мегаваттты құрайды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына шамамен 30 адам тартылған. Нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін 11 тұрақты жұмыс орны ашылатыны атап өтілді.
Күн электр станциясының экологиялық маңызы да зор. Мамандардың бағалауынша, жоба іске қосылған соң атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемі жыл сайын 7,2 мың тоннаға дейін қысқарады. Бұл қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық тұрақтылықты нығайтуға және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға қосылатын маңызды үлес болмақ.
Аталған жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, "жасыл" энергетиканы дамытуға бағытталған бастамалардың бірі ретінде өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Күн электр станциялары бір немесе бірнеше күн модульдері мен компоненттерінен тұрады. Инженерлік қондырғылар күн сәулесінен электр энергиясын өндіруге арналған.
Күн электр станциясының артықшылықтарының бірі - орталықтандырылған энергиямен жабдықтау көздеріне, коммуналдық инфрақұрылымға тәуелділіктің болмауы.
Сонымен қатар, бұл инновациялық технология жаңартылатын энергия көзі болғандықтан энергия ресурстарын үнемдеуге және пайдалы қазбалар өндірісін азайтуға көмектеседі. Қазір күн панельдерін үйіңіз үшін сатып алуға болады.
Ұлытау облысында жасыл энергия объектілерінің құрылысы алғаш рет жүргізіліп жатқан жоқ. Өткен жылы жел генераторлары бар жел электр станциясы пайдалануға берілді. Ол Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының арасында орналасқан. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Станция құрылысына 24,5 миллиард теңге бөлінді.
Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін енгізуге деген ұмтылысын жалғастыруда. 2025 жылы жалпы қуаты 503 МВт болатын 9 экологиялық жоба салынды. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес елімізде ағымдағы жылдың басында 67 жел электр станциясы, 49 күн электр станциясы, 43 гидроэлектростанция және 3 биогаз электр станциясы сияқты жаңартылатын энергияның 162 нысаны жұмыс істеп тұрды. "Таза" генерацияның үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 7%-ды құрады.
Мақала тегтері






