Ұлытау облысында жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша брифинг өтті. Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Алмас Ыдырысов жүргізді. Ол өңірдегі жол саласын дамыту, көлік қатынасын жақсарту және жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың барысы жөнінде баяндама жасады.
Кездесу барысында өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу, қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, "Қызылорда–Жезқазған", "Қарағанды–Жезқазған", "Жезқазған–Арқалық–Петропавл", "Қаражал–Атасу" бағыттарындағы жол жобалары сөз болды.
БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі "Қызылорда – Жезқазған" тасжолының құрылысы, оның сапасы мен аяқталу мерзіміне қатысты болды. Жауапты мамандардың сөзіне қарағанда, Ұлытау облысына тиесілі 208 шақырым жол учаскесіндегі құрылыс қарқыны жақсы. Жобаны 2027 жылдың қазан айына дейін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар журналистер "Ұлытау – Арқалық" жолының жағдайы мен жөндеу жұмыстары жөнінде сұрақтар қойды.
Брифинг барысында "Қарағанды-Жезқазған" тасжолын жаңғырту мәселесі де қозғалды. Мәліметке сәйкес, 2026 жылы мердігер ұйымдар анықталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ал 2027 жылы құрылыс жұмыстары басталып, қазіргі қолданыстағы жолға параллель жаңа жол салу жоспарланған.
Сондай-ақ, Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы жолдардың сапасы жайлы да әңгіме өрбіді. Қалаішілік жолдардың қазіргі жағдайы тұрғындардың көңілінен толық шықпай отырғаны айтылды. Осыған байланысты ендігі уақытта облыс көлемінде салынатын жолдардың барлығы өңірде жұмысын жүйелеген Ұлттық сапа орталығы филиалының бақылауынан өтетін болды. Асфальт сынамалары қатаң тексеріліп, сапасы жан-жақты сарапталмақ. Осыған орай облыс және қала басшылығы алдағы уақытта жолдардың сапасы едәуір жақсаратынына сендірді.
Брифингке сондай-ақ Ұлытау облысының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ұлытау облыстық филиалының директоры Мерей Шахарбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Аслан Арынов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов, Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Темирлан Мукушов, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Ұлытау облысы филиалының директоры Бейбіт Иманғалиев қатысты.
Мақала тегтері






